воскресенье, 25 августа 2013 г.

Ғұмырнама


Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында дүниеге келген. Балалық шағы осы құмды өлкеде өтеді.  Алайда, суы жоқ, жері қолайсыз болғасын балықшы колхоздарды яғни Манаш ауылын 1956-1957 жылдары қаланың теңіз бетіне, Жайық бойына көшіреді.
Ақынның ес білгелі көргені кітап пен кітапқа құштар аға – әпкелері болғандықтан ба оқуға деген құштарлығы өте ерте оянса керек. Мектеп табалдырығын аттамай тұрып латын әріптерін, қазіргі алфавитті үйреніп алып «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Біржан мен Сараның айтысы», «Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысы», «Қыз Жібек», Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» поэмасы секілді шығармалармен танысады. Сонымен бірге анасынан естіген ертегі – жыр, аңыз- әңгіме, мақал- мәтелдер халық даналығының мөлдір бұлағынан сусындайды. 
Фәру (ауыл –аймақ Фаризаны осылай атаған) алдымен әкесінің, кейін ағасы мен әпкесінің мезгілсіз қазасын көріп, түрлі жоқтауларды есі кірмей жатып естіп өседі. Сондай шақтарда анасы Халиманың көңілін аулау үшін  кітаптарды дауыстап оқып, жырларды  соғады екен. Бұл тұрғыда ақын өзінің  «Шашы ағарған қыз» кітабында былай дейді: «Мені кітаптан бір қызықтар іздеуге, қаршадайымнан көңілді алаңдату дегенді түсінуге мәжбүр еткен осы жағдайлар әдебиет әлеміне жетеледі.Әрине, өлең немесе әңгіме жазуға емес, жалпы кітап дүниесіне қызықтырды».
Мектеп жасына жетер - жетпесте Фариза «Ақ шкөл» деп аталатын ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан мектепке барады. Мектепте зерек шәкірт болып, барлық пәндерді өте жақсы оқиды. Әсіресе математикаға икемі зор болып, өте қиын деген есептерді шығара алатындай дәрежеде болады. Домбыра тарта білген, күйлер орындап мектептің домбыра оркестріне қатысқан. Алайда  жастайынан поэзиямен сусындаған Фаризаның әдебиетке деген ниеті мүлде бөлек болған. Төменгі сыныптарда оқып жүргенде – ақ өлең шығарып оны «Қазақстан пионері» газетіне жіберіп отырған.     
«Бір жылы ұмытпасам, жетінші класс оқып жүрген кезім ғой деймін, әйтеуір күздің алғашқы айларының бірінде облыстық газетті ашып қалсам, соңғы бетінде төрт шумақ өлеңім тұр! Төменгі жағына атым мен фамилиямды бадырайтып қара әріппен жазып қойыпты...
... Келер жылы «Қазақстан пионері» газеті де «осы жазғыштан құтылайық» деді ме, «Балалар творчествосы» деген айдармен бір бетті алып жатқан өлең, әңгімелердің қақ басына менің де екі шумақ өлеңімді шығарып қойыпты...
Осылайша менің өлең әлеміне тұсауым кесілді». (Ф.Оңғарсынова «Шашы ағарған қыз», Алматы: Жазушы, 1990ж.164-165 б.)
Міне, содан бастап болашақ ақынның өлеңге деген талпынысы бір сәт те толастамаған.
Ақын балалық шағынан өзінің туған құмды мекенін ну ететін су инженері болуды армандайды. Мектепті тәмамдағаннан кейін Алматы ауыл шаруашылығы институтының су және суландыру факультетіне оқуға түспекші болады. Бірақ сол жылы институттан қабылдау комиссиясы келмейтін болып, оқуға талап білдіргендер Алматыға барып тапсыру керек болады. Алматыға бару мүмкіндігі болмағандықтан,   Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтына түседі. Таңдағаны физика – математика мамандығы. Алайда, анасының математика ауырлау соғып, денсаулығыңа зиян болады, әдебиетті таңда деп жазылған хатын алғаннан кейін, тіл – әдебиет бөліміне қайта емтихан тапсырып, филология факультетінің студенті атанады.
«Институт қабырғасында бізді әдебиетке баулыған аяулы ұстазымыз Ермек Өтебаев ағай еді. Ол кісі өлеңге, әңгімеге икемі бар деген студенттерді жар салып жүріп жинады да «Жас қанат» деген әдеби үйірме ашты. «Жас қанатта» көп жас топасты: Нұралы Әжіғалиев, Марат Отаралиев, Қазданбай Қосжанов, Дүйсенбай Хасанов, Күзембай Әміров, Көпжасар Оспағамбетов, Шора Тәжімалиев, Қадір Жүсіп – шеттерінен ығай мен сығай ақындар, араларындағы нашары мен едім. Қолмен жазып журнал шығаратынбыз, әңгіме, өлең талқылайтынбыз» деп жазады естеліктерінде Фариза ақын.
Ал, ақынның замандасы, әрі курстасы болған филология ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Қадір Жүсіп студенттік шағын былай деп еске алады: «Сөйтіп, біз де тағдыр табыстырып, қазақтың ардақты ақын қызымен  парталас отырып, студент кезді бірге өткізген жайымыз бар. Ал ортамыздағы «ең нашары мен едім» деп кішіпейілдікпен айтылған сөз иесі Фариза бәрімізден биіктеп шырқай берді. Ақын қыз көзге түсуге әуре болмайтын. Бір өлең жазсақ, сөзін халық талқысына салуға асығып, таныстырғымыз келіп тұратын. Фариза үнемі үндемей қалатын. «Өлең жазғаным жоқ, ештеңе ойыма оралмайды. Ештеңе жаза алмадым» деп жетекші алдында себеп айтып тұратын. Ал, шынында дәптері жаңа өлеңдерден құр болмайтын. Сол бір жалын шақтарды еске алсам, кішіпейіл, үндемейтін, әр нәрсеге ой тоқтатып, асығыс сөйлемейтін, ақылды жанарымен қадала да ойлана қарайтын қара торы қыз көз алдыма келеді...»
 1961 жылы институтты бітірісімен Фариза Балықшы ауданының Еркінқала селолық орта мектебіне мұғалімдікке жолдама алады. Онда бірер жыл қызмет атқарғаннан кейін Дамбы ауылындағы «Қызыл балық» колхозындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепке мұғалім болып ауысады.
 Мектепте шәкірттерге дәріс бере жүріп те қағаз бен қаламы қолынан түспей өлеңдері газет беттеріне жарияланып отырады.
Ақынның мұғалімдік жұмысы осы мектеппен тәмамдалып, қаламгерлікке біржолата бет бұрады. 1966 жылы облыстық "Коммунистік еңбек" газетіне кіші әдеби қызметкер болып орналасады да, ақынның журналшылық қызметі басталады. 
«Гурьев облысында шығатын «Коммунистік еңбек» (менің бала кезімде «Социалистік құрылыс» деп аталатын еді, кейін «Коммунистік еңбек», ал қазір «Атырау» деп атын өзгертіпті) атты газетке ең алғаш келгенім әлі есімде. Бұл 1966 жылғы шілде (біздің жақта Зауза деп атайтын) айының тоғызыншы жұлдызы болатын. Керемет сәнсалтанатымен емес, белгісіз әлемнің құпия қасиеттерін жасырған болмысына өз бетімше есігін қағып келген күнім қиындықтарымен жадымда қалды-ау деймін. Менің мамандығым - мұғалім. Әуелі Алланың, қала берді өз көңілімнің бастауымен аяқ астынан өмірімде иісі мұрныма келіп көрмеген газет редакциясының «партия тұрмысы» атты бөлімінен бір-ақ шықтым» - деп жазады ақын.
 Газетте жылға жуық қызмет атқарғаннан кейін республикалық «Лениншіл жас» жастар газетінің Атырау, Орал, Ақтөбе облыстары бойынша меншікті тілшісі болып орналасады. Бұл газетте жұмысқа қалай ауысқаны туралы «Шерхан аға туралы сыр» деген мақаласында бейнеленген. 1967 жылы Болгарияның астанасы София қаласына делегет болып барғанда жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне делегация құрамында бірге болған «Лениншіл жас» газетінің редакторы, жазушы Шерхан Мұртазамен танысады. Ол Фаризаға өлеңдерін және қазақтың биші қызы, осы фестивальда өнер көрсеткен Гүлжан Талпақова туралы очерк жазып, газетке жіберуді тапсырады. Бұл материалдар кейіннен жастар газетінің бетінде жарық көреді. «Менің Маңғыстауым» деген атпен бір топ өлеңдері газетке жарияланып, ол тұңғыш рет республика оқырмандарына танылады. Ақын осы  мақалада мынадай шындықты жария етеді: «Міне, менің ақындық өмірбаяным осылай аяқ астыннан басталды. Егер ол жолы «Лениншіл жаста» Шерхан ағадан басқа біреу редактор болса, менің әдеби жолымның болу – болмауы екіталай еді».
Біраз жыл осы газетте жұмыс істегеннен кейін, 1970-1977 жылдар арасында республикалық «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінің редакторы, 1978 жылдан 1996 жылға дейін бұрынғы «Пионер» қазіргі «Ақ желкен» журналының бас редакторы болып қызмет атқарады.
Ф.Оңғарсынова ҚР Парламенті Мәжілісінің 1-ші және 2-ші шақырылымдарының депутаты (1996-2004). Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1979), Халыққа білім беру ісінің үздігі (1985), «Құрмет белгісі» (1984), «Парасат» (2001), «Достық» (2009) ордендерімен, Қазақ КСР жоғарғы Кеңесі Президиумының «Құрмет» грамоталарымен және басқа да медальдармен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне  еңбегі сіңген қызметкер, Халық жазушысы.
2010 жылдан бастап, республикалық әдеби-көркем «Тұмар» журналының бас редакторы қызметін атқарып келеді.

4 комментария:

  1. Большую работу проделали, коллеги! Всё можно найти. Молодцы!

    ОтветитьУдалить
  2. Все сделано на отлично! Согласен Молодцы!

    ОтветитьУдалить
  3. Тоже понравился блог. Подошли к делу строго, серьезно и ответственно...Похвально, без слов, еще бы немного творческой находки добавить и будет просто супер...

    ОтветитьУдалить