Поэмалар


Ф.Оңғарсынова
Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім
Поэма
Бірінші кездесу

Ей, өнер қуған жарқыным,
өлең қуған жарқыным!
Балауса балғын лапылдап тұрған шағың бұл
Айналаң тұнған сағым- нұр.
Қара халықтың қамы үшін жауға
Жалын жастығын ұрлатып
Егеулі найза қолға алып жортқан тіл қатып,
Бабаңды бүгін ұрпағым болсаң, табындыр!

Жатқаның мынау тұнжыр түндерде
Ұйқыға батып албырап,
Осындай дәурен туғанда саған,
Хақың жоқ сенің қалғымақ!
Ұмыттың ба әлде сонау заманда елің
жатқанда қалжырап,
игілігі боп дұшпанның ғана далаңдағы шалғын,
бал құрақ.
бақыт тапсам деп сары дала  жонда
сарғайып жатқан халқына,
Азаттық  іздеп шарқ ұра
арманмен бабаң аласұрғанын аш арыстандай
қалжырап?
Намысқой, өршіл асқақтығымды менің,

ұрпағыма мәңгі мұра ету -
Осы емес пе еді бабаңдағы арман, бар мұрат ?!

Отты үнің қайда, өртті үнің қайда
жүректі асаудай тулатқан,
кеудеңді соғып, «ақынмын» дейсің  -  сандырақ !
Ұйқыңды аш, қане,
Сөзіме менің сал құлақ.
Ақ найза алмас жырымды менің
қалғандай бүгін  тот басып,
Тұратын  еді- ау от шашып!
Ақынмын дейсің аруағым атқыр мылжыңдар,
Күйбең тірліктің  күйкі күндерін жүрсіңдер жырлап,
оттасып.
«Сүйдім» деп зарлап жырлайтындарың сондағы –
өмірде тіпті жоқ ғашық.
Әлі де мынау жұп-жұмыр Жердің үстінде
Қайғырып жүрген Адам бар,
Әділдік күтіп солардың бәрі ақ үміт, аппақ ниетпен
Өзіңе қарап алаңдар, шын ақын болсаң, соны аңғар!

Мына мен бабаң
Қара басымның рақаты үшін күресіп өткен деп пе едің,
Сұлуларды өртеп өрт демім.
Қаныпезер хан да  жүзімді көріп,
қорқыныштан естен танғанда,
сиқыр ханшалар сайқалдықпен арбап,
найза көздерін салғанда,
басымның қамын жеп пе едім?
Елімнің азат өмірін ойлап дертті едім,
Әділетсіз сонда алдамшы мынау өмірге
сол үшін ғана кекті едім.
Ей, өлең қуған жарқыным,
өнер қуған жарқыным,
өтпесін сенің дұшпан ұйқымен әр түнің.
Мен үміт еткен ұрпағым болсаң, қалғыма,
өнеріңнің көрсет алмас қылыштай жарқылын,
Бұл жұмыр  Жерде ұлымын дейтін халық көп,
көрсеткін сен де еліңнің айбат, ауқымын!
Сенің қамыңмен рақаттан безген бабалар
Тым болмағанда көрінде тыныш жатсын-ау десең, шалқығын.
Қай заманға да дауылпаз екпін үн керек,
Найзағай-сынды жыр керек –
Сол болсын сенің халқыңа деген тартуың.
Бұл кім деп өзі қаймыға қарап тұрсың сен.
сескендірді – ау деймін қарқыным.
Кей пенделерге тот басып қалған ақ алмас,
шын ұққандарға – халқымның өшпес даңқымын.
Зұлымдықтарға  бас имей өткен өрлікпен
Мен Махамбет деген жалқымын! ...
... Осыны айтты да, тарлан ат мінген жолаушы
Алыстай берді болаттан сауыт құрсанып,
Тұлғасының өзі – жыр-шабыт !
Мен ұшып тұрдым дірдектеп қорыққанымнан,
Кетердей мені алмас қылышпен бір шауып.

Екінші кездесу
Думанмен өтіп күндерім,
жиын-тойларда шалықтап шырқап айтам ән,
Көңілімде көктем. Жасыл теректей жайқалам.
Қаумалап жүрген көп жанның бәрін дос деймін
(жауыздықтарын кездерім де жоқ байқаған.)
Армансыз, мұңсыз көгілдір дүние қойнында
Ұйқыға кетем, жай табам.
Ұмытқам сонау түсімде келген Махамбет атты
ақынды.
Таң алды білем...  Тарланмен жетті қайтадан.
... Атаның жолын қуар деп
Көп үміт артқан бала едің,
Өзіңмен ашық сырласуға мен зар едім.
Асқар тау тұтқан ардағымнан ерте айрылып,
Жалғыздығымнан зарығып өткен жан едім.

Ей, менің қасиетті тұтқан кең далам,
Сонау бір кезде достыққа неткен тар едің!
Жатырсың, балам көгілдір күндерджің думандарымен арбалып,
Таңданбастарға таңдайыңды қағып, таңданып,
Күні түскенде, сүйеніш болсаң,
айнымас дос боп көлкіген
арамзалардың арзан сыйына алданып.
Кейіндеу қалсаң, күні ертең олар
жиіркене қарар сен жаққа,
танимын деуге арланып.
Ілгері кетсең, ту сыртыңнан көздеп тартады
қорамсақтан оқты қолға алып.
О, шіркін досың болса ғой
Сонау бір өткен Исатай-сынды  асылдай,
өзімсінгенге жүретін дәйім титтей де сырын жасырмай.
Досына деген, еліне деген бір ыстық сезім бойында
лапылдап жанып басылмай.
Жарамсақтарға шашылмай,
Мықтысынғанға бас ұрмай...
Арыстаным еді-ау Исатай,
Дұшпанына келсе – көктемедегі жасылдай.
Жанына құрбан болсам –ау мен бейбақ
Артында қалдым маңдайдағы сорым ашылмай,
Жанымның шері басылмай.
Қансырап қалған сыңарын көріп шарқ  ұрып,
шыр айналып ұшқан лашындай.

Кім еді маған Исатай?
Құрдасым да емес бала шақтардан бірге өскен,
қандасым да емес жалғыз құрсақта күн кешкен.
Аталасым да емес, танысым да емес ол менің,
Кездестірмесем өтер ем атын білместен.
Басталды-ау бәрі бір кештен...
Көкірегі тұнған шер-қайғы,
Жайықтың бойын жағалап жатқан ел жайлы
сонда мен алғаш Исатайменен тілдескем.
Мейірімге толып жанары
жалт етіп маған сүйсінген жүзбен қарады,
сол біздің өмірге, елге
махаббатымыз үндескен.

Ол бір халықтың асыл ұлы еді,
арманға толып жүрегі,
Қазақтың байтақ даласын,
аш, арық бала шағасын
жеткізсем дейтін бақытты жұмақ күндерге,
өмірін арнап соры арылмаған мұңды елге.
Осы еді-ау оның бар арман, мақсат, тілегі.

Осынау қысқа жалғанда
Исатайдай досты көрмесем,
түн қатып жүріп арман мен мұңын бөлмесем,
мен Махамбет болып қалмас ем.
Қараңғы түнде найзағай жырмен
шамшырақ болып жанбас ем.
Тіл қатпай тұрып ұғысушы едік.
О, сол бір адал достығым,
ақындығымның да батырлығымның да арнасы ең!...
Жортуылда жүріп армандаушы едік
келешекте атар таңды әсем.
Ей, балам, сатқын, жарамсақтарға алданбай,
сол бір достықты жалға сен!
Достық дегенің мөп-мөлдір бұлақ секілді,
Шырқатар асқар белеске,
Ұлылық та -  сол, қалдырар мәңгі ел есте.
Біз жортқан сонау жапан түз дала Маңғыстау
достықпен түлеп өркендеп жатыр емес пе?!

Шырқа сен адал достықты жалын жырыңмен,
Жасампаз асқақ үніңнен
ақ самал ессін далаңның төсін тербетіп,
Жаулықты білмей,
достықтың  ұлы мейірімімен ер жетіп,
Халқыңның  балғын ұрпағы өссін сол үнмен!

Үшінші кездесу
Кешіріп бастан қатал күн тентегі елдің атандым.
Тағы да келген сыр айта
Махамбет-сынды  атаңмын.
Өріс жас албырт ұрпағым
өмірдің құштың нұр таңын.
Азаттық, еркін заманда
еркелей қарап ғаламға,
өрлерге талмай шырқадың.
Қатыгез қабақ тірліктің
көрмедің боран- бұрқағын.
Бақытыңа мынау мас болып,
ұмытпағайсың жыр қамын.
Нұры ойнап балғын- бал өңге,
Қарайсың мәз боп әлемге.
Адамның бәрін өзіңдей
бақытты дейсің бар елде.
Назарыңды салсаң жыраққа
зарлы үндер келер құлаққа
Суырылмай, жүзін тот басып
қылыштар жатыр қынапта.
Әділет, шындық таба алмай
Өмір бір тозақ аралдай,
Теңсіздіктерден түңіліп,
тұншығып демін ала алмай
жүргендерге жырдлы арнағын,
жігер - күш берсін саңлақ үн!
Шын ақын болсаң тартынба,
найзағай болып жарқылда,
Жер ошағыңның басында
Бақытыңа мәз боп қалмағын!
Күнәсіз бірді даттайды,
біреуден бейуақ бақ тайды –
әлсіздерді әлі бір жерде
күштілер тапап, таптайды,-
ақынға жердің бетінде
болмайды ешбір жат қайғы.
Әлемді үйім деп қарасаң –
озбырлық,  өсек жан-жағың.
Шындығын айтсаң өмірдің,
Аузыңнан ешкім қақпайды –
заманың сені жақтайды.
Өмірдің күтіп ақ таңын,
шабытпен жырды баптадым.
Әйтеуір қатал тірліктен
әділет іздеп таппадым.
Шындықты айтқаным үшін мен
ақсүйек тапқа жақпадым.
Сонда да тынып, тынбадым,
шырқадым елдің мұңды әнін.
Алапес мынау өмірдің
ащы шындығын жырладым.
Қуылдым, дала шарладым,
сая бола алмай қырларым.
Е, мұның бәрі – бұрынғы «ән»,
ол дәуір жардан жығылған.
Үмітім сенсің, жас құсым,
Түлеп ұшатын тұғырдан.
Тек шындық күтем мен сенің
ақ алмас жүзді жырыңнан!

Комментариев нет:

Отправить комментарий