Лебіздер


Фариза апамыз поэзияға қанат қағып алғаш қосылған кезден бастап, бүгінгі қазақ поэзиясының падишасына айналып, бүкіл өмірін шығармашылыққа арнады.
Нұрсұлтан Назарбаев

Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, кұлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ.Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-Ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін.
Ғабит Мүсірепов

Біз халқымыздың жан сырын, үміт-арманын, қуаныш-күлкісін, ызалығын, махаббатын түгел жеткізетін поэзия жасадық дейміз. Сол поэзияның соңғы жиырма жыл бойындағы ауыр жүгін аса қиын күндерде қорықпай, тартынбай көтеріскен ақындарымыздың бірі – осы Фариза.

Әбділда Тәжібаев


Фариза –өлеңі шын өнер. Шынайы өнерді бірден түсініп, оның сырына бойлау оп – оңай емес. Оны ұғуға ой керек,ақын рухын түсінер білім қажет. Әдемілік көзге жылы ұшырағанымен, оның мән – мағынасы, сырын аңғару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Поэзия – ақын рухының ашылуы. Оны сезіммен түсініп барып, ақылға салу керек. Абайдың да ауыр оқылатыны осыдан. Фариза оқырмандарына мұны әдейі ескертуді жөн көрем. Оны әрбір шынайы әдебиет сияқты қайта-қайта оқу қажет болады. Сонда ғана ақын рухы біртіндеп бойға сіңеді. Рух пен сана ғана өмірді өмір екенін түсіндіре алады. Ақын ойшылдығы арқылы сіз де заманмен, оның адамдарымен сырласасыз, табиғаттың құпия сырларына ортақ боласыз. Табиғат – өлі дүние, оның бойынан рухты сезе алмайсыз. Ақын өлеңі табиғатты тірі күйінде бейнелеп, сіздің рухыңызды көтереді. Өлең дегеніміз – осы. Әр адам – сезімнің, ойдың, құштарлықтың тұтас бір әлемі. Поэзия оны жеке адам күйінде емес, адамзатқа ортақ сезім арқылы ашады.
Серік Қирабаев

Қазақта ақын көп, Фариза жалғыз. Жаңа туған айдың жанында жалғыз жұлдыз ерекше жарқырап тұрады. Періште жұлдыз сияқты. Ақындығы да, жаратылысы да ерекше, ешкімге ұқсамайды. Ақын - жалғыз. Перзенттері -сансыз. Олар миллиондардың жүрегін жылытады, жандарын жадыратады. Перзенттері сонысымен құдіретті. Сенсіз дүние – бір кем дүние. Жұлдыздарың сөнбесін.
Шерхан Мұртаза

Нағыз рухани даралық деген де күллі дүниеге түгел балама бола алатындай жан жомарттығынан, сезім мәрттігінен, ой қайсарлығынан өрбісе керек. Ондай ақындық рух қымсынуды білсе де, қымтануды білмейді. Фариза Оңғарсынова – азамат боп ашынуды, пенде болып мұңдануды, перзент болып тебіреніп, періште болып қуануды қаз қалпында жеткізе алған аса сирек лирик. Лириктердің көбінде соның бірі жетсе, бірі жетпейді. Ал бұл ақынға адамдық кескіндемеге жататын барлық сезім гаммасын ұрымтал ұстап, ұтымды бейнелеу соншалықты оңай, соншалықты жеңіл.
Әбіш Кекілбаев

Әйел кешер жан азабы мен тән азабын, сезім сергелдеңін Фаризадай дәл, Фаризадай нәзік, тиген жерін ойып түсер, шоқтай отты да уытты жеткізген ақын арғы –бергіде кем де кем. Бұл саладағы оның драматизмі, нақтылығы, суреттілігі, ең ірі психолог романистердің таңдаулы беттерімен тайталаса алады. Мұндағыдай сезім полифониясы, рух симфониясы әдетте лирика ауқымына сая бермейді.
Әбіш Кекілбаев

Оңғарсынованың махаббат лирикасы –әлемдік интимдік поэзияның өзінде не бір тізгін үзген саңлақтардың өздерінде де ұшыраса қоймаған сирек құбылыс. Сондай шынайылыққа болмыстың ұңғыл –шұңғылына тереңдей бойлаған философиялық зерде мен халық тағдырына қабырғасы қайысқан азаматтық серпінді қосыңыз. Мұндай диапазон мен мұндай палитра тек бір ғана ұрпақтың емес, бүкіл ғасырдың сыр –сипатын ашып, бір ғана ұлттың емес, күллі адами болмыстың шер–шерменін жан–жақты жайып салар шын мәніндегі заманалық суреткерлерге ғана тән болса керек.
Әбіш Кекілбаев


Әлімсақтан аян, шын өнер жайшылықта емес, жандүниенің қайшылығында туады. Ал дарын Алланың айрықша мейір-шапағаты түскен пендесіне қияр ғажайып нұры. Ата күші, ана сүті, киелі топырақтың жебеуі, өмір сүрген ортасының демеуі, тірліктің тоқсан тарау иірімі, жаныңа жайлы адамдардың мейірімі сол нұр иесін, қайталанбас тұлға ғып қалыптастырады. Көне жәдігерлердің жалғасы, өрлік пен ерліктен өрілген жалаугер поэзияның соңғы бір тұяғы Фариза апа, ә дегенде әдебиетке өз даусымен, дара бітім-болмысымен келген. Кең арнада көсілген асау толқындай аласапыран көңіл-күй, буырқанған сезім, ешкімнің ығына жығылмас мінез, барыңды – баптайтын, жоғыңды – таптайтын мынау, бейдауа тіршілікке деген соны көзқарас бәрі-бәрі бас қосқан ұлы өнердің бастауына айналды.
                                                                                                                       Рахымжан Отарбаев


Өз басым алдымда Фариза апа сынды поэзияға биік талаппен қарап, өзі де ияларға жол тартқан қыран таланттың болғаны үшін қуанамын.
Күләш Ахметова


 Фаризаның шығармашылығын түсінуге ерекше бір талғам керек.
      Ақұштап Бақтыгереева

Комментариев нет:

Отправить комментарий