Өлеңдер


Айналайын ауылдың адамдары

Айналайын ауылдың адамдары-ай!
Сендер барда бұзылар заман қалай?!
Шуақ ұшып сендердің көңіліңнен,
Ауатындай күн нұры маған қарай.

Көңілдерің сендердің, сенімдерің,
Сенім сезіп, зілдерден жеңілдедім.
Төрт аяғын тең басып тұр бүгінде
Өздеріңе сүйенген елім менің.

Өмір салған жанымның тоты қалың,
Тек сендерді медеу қып отырамын.
Мен жалғыз түп жусанмын, тамыр жаяр
Сендерсіңдер құнарлы топырағым.

Сүтін емген тіл менен жыр сендерде,
Менен жырақ күн қақтап жүрсеңдер де,
Сендер деймін аршитын, бұл тірлікте
Қалсам кенет ұрынып мың шеңгелге.

Қарапайым қазақтың ауылдары-ай!
Айналасы ақ шаңдақ, дауылға бай.
Жан біткенге жаны ашып елжірейтін
Жүректерің сендердің ауырмағай!

Кеуде тосар жауынға, дауылға да
Сендерсіңдер, болғанмен дәуір жаңа,
Ана сүтін сіңірген мәнімді де,
Әнімді де сақтайтын ауыл ғана!

Жалғастырар бұрынғы, бүгінгі әнді
Сендер барда, қаным мен тілім нәрлі.
Ешкімге де қажетім болмас, бірақ
Ауыл болса, менде де ғұмыр мәңгі!

Өкініш пен қасірет

Сөз қадірін ұқпайтын
көшің болған өкініш.
Биліктіні ықтайтын
досың болған өкініш.

Әділетке жұғымсыз
биің болған өкініш.
Саңылаусыз, жылусыз
үйің болған өкініш.

Адамының құны жоқ
елің болған өкініш.
Дауыл соқса, ығы жоқ
жерің болған өкініш.

Ойы асқанды көре алмас
ханың болған өкініш.
Елден биік, сөзі-алмас,
дарын болған өкініш.

Ессіз болса өз балаң,
бәрінен де сол жаман.
Қайғы мүжіп, жас іреп,
сол-өлтірер қасірет.

Жайна, менің отауым!

Қазақстан-отауым құндағы құт,
жасыл жердің төсінде нұр жамылып,
түндігінен тараған шуағына
жылынардай сірескен мұз да жібіп!

Кеуделерге ұя сап балғын үміт,
дала жатыр жасарып, жаңғырығып,
Құлазыған қуқылдау қыраттарым
шырайланды жүзіне қан жүгіріп.

Отауымда тілім мен ғұрпым аман,
бақыт, еңбек, еркіндік, күлкі-далам.
Толқынданған теңіздей егістіктен
таба нанның иісін-ай бұрқыраған!

Ақ бидаймен жайқалса Жер-бөктерім,
ән-жырымен кешуде Ел көктемін,
қазақ әнін әлемдік сахнада
шырқайды асқақ Бибігүл, Ермектерім!

Ей, Абырой, Мерейім, төрлет менің!
Мерейіңді мақтан ғып мен көктедім.
Қазақ қазақ болғалы бұл ғаламда
дәл осылай Күн құшып өрлеп пе едің?!

Қазақстан-отауым меселі-Күн,
Жайна жырақ кеткенде кешегі мұң!
Әлем таңы алаңсыз ату үшін
Жерде мәселелерді шешеді ұлың!

Ақ отауым-ақ көңіл дарынды елім,
асқақ қала, алып тау, сағым белім!
Керегеңді тамырдай жайдың жерге,
елең етпей дүниенің дауыл, желін!

Шаңырағың шалқайып Ай маңында,
Мейірімнің нұрымен жайна жылда!
Жасауыңмен әлемді сүйсіндіріп,
жаса мәңгі Жер атты жайлауымда!

Комментариев нет:

Отправить комментарий