Аудармалар


Дауыл – менің жүрегімнің аңсары
А.А.Блок
Сұқ найзаны, төк терді –
шықсын естен күлкі де!
Самға, түнек от демді,
қар шапанды сілкіле!

Өлтір мені, айбаттан,
жақындатпа таңды алғы,
Мен де бір кез жайратқам
жанға жақын жандарды.

Сүйгендерді жат қылдым,
ұмыт бәрі бүгінде.
Жүрегімді лақтырдым –
жатыр тылсым түбінде.

Найза жанар, қадал да
түйре, есімнен танайын.
Өрте мені алауға –
өз еркіммен жанайын!

Құмда
А.А.Блок

Махаббатқа жоқ менің шектелерім,
өткен емес жастығым текке менің.
«Сен мендіксің», «сүйемін», «жаным деген»
бос сөздерді мен бірақ жек көремін.
Құл болуды ешқашан қаламадым,
сұлу әйел көрінсе қадаламын:
«Бүгінгі түн біздікі. Құштарлықтың»
толқынына көмілсін сана, жаным,
бірақ ертең кетемін өз бетіммен,
еркіндіктің қайтадан салам әнін».
Табиғаттай табиғи жаным менің:
тыныс етіп теңіздің ағын демін,
қарағайдың исінен нәр алғанмын,
күн көзіндей күйдірер жалын  демім.
Сұрғылт сұлулығындай құм жағаның
тұзды желдің өтінде шыңдаламын.
Мен осындай ойда едім, сенімді едім,
араладым фин жерін, ерінбедім,
қырынбайтын, жасыл көз фин жұртының
қызықтадым армансыз елін, жерін.
Тыныш екен шекара жағалары,
Алдымдағы ел бейтаныс маған  әлі
Иесіз қалған орыстың шіркеуі де
жетімсіреп жат елге қадалады.
Мен осындай ойда едім қанша жылдан.
Кенет бір қыз шықты да қарсы алдымнан
қарап тұрды көз салып айналаға,
Күнмен ойнап жанары тамсандырған.
Елең еттім көргендей жан арманын,
қара шаштың толқыны-ай! Соған жаным
құмарланып,
тілейді жібек талдар
мойныма төгіліп оралғанын.
Ол келді де тәкаппар өр жанарын
жанарыма қадады – қорғамадым.
Миығынан күліп ап, маған қарай
шөп лақтырды, көрдің бе қорлағанын!
Сүйтті-дағы жүгіріп ұзай берді,
шауып шықты шекеме сонда  қаным.
Қуып бердім бойымен жаға-жардың,
орманға  да  соқтықтым, жараландым.
Жүгіремін далада аң қуғандай,
тұманданып, бұлдырап барады алдым.
Жан дауыспен айқайлап жүріп келем,
жырақтайды қыз бірақ  күліп менен.
Құм бетіне қалдырып ізін ғана,
есімді алды ойнағы қылықпенен.
Құлай кеттім, кернеді мұң ішімді,
жете алмадым, кешпеймін бұл ісімді.
Көз алдымда жүгіріп барады қыз,
шашып маған күлкісін  - күміс үнді.
Күліп  бара жатқандай шаштары да,
көйлегі де, көзі де, қастары да,
жатып алып ойлаймын: «Бүгін түнде
өзің  ғана қажетсің жас жаныма.
Қашан оны тағы аңдай ұстағанша
бұл арадан кетпеймін! Қашқанына
өкіндірем»
Осылай мен күттім кеп,
(түн самалы  жанымды сергітті үрлеп).
«Сен мендіксің, сүйіктім», - демеймін мен.
Ол ғана айтсын. «Сендікпін, сендікпін» – деп.


Олар өлең оқиды

А.А.Блок

Қадалғанда сенің жарқын жанарың,
жырларымның шатастырдым беттерін.
Әуенінен жаңылғандай бар әнім,
ақылымды қарға көміп кеткенің.

Әлгі перде не деп кетті? Бұл неден?
Қайтер ең сен сезіміңді таптаса?
Тек кітапта – ертегі мен жыр деген,
ал өмірде – мылжың бәрі басқаша.

Бір мен үшін бұл өмірде бұлт, аспан,
жырларым да, жүрегімнің әні де,
түнек түн де, ұшқындар да нұр шашқан
тек өзіңмен байланысты бәрі де.

Қаталданба, еркелетші, жарығым,
Келемеждеп күлкі етесің несіне.
Ұмыт болған қатерлі оттың жалынын
салма менің есіме!





Комментариев нет:

Отправить комментарий